Сынақ мерзімі: қызметкердің жұмыстан шығу ережелері мен міндеттері
Сынақ мерзімі, әдетте, 3 айды құрайды, жұмыс беруші мен қызметкерге бір-бірін бағалауға мүмкіндік береді. Бұл кезеңде жұмыс беруші қызметкердің кәсіби сапаларын, ал қызметкер жұмыс жағдайлары мен төлемді бағалай алады. Сынақ мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыс беруші кәсіби сапалары қанағаттандырылмаған қызметкерді жұмыстан босата алады, ал қызметкер өз еркімен жұмыстан шыға алады.
Алайда, сынақ мерзімі аяқталмаған жағдайда, егер қызметкер компанияны ұнатпаса, ол міндетті түрде бір ай жұмыс істеп беруі тиіс пе? Жай ғана жұмыс берушіні ауызша ескертіп, жұмыстан кетуге бола ма? Бұл сұраққа жауап беру үшін Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне назар аударайық.
Сынақ мерзімі еңбек шартында көрсетілуі мүмкін, бұл Еңбек кодексінің 36-бабында қарастырылған. Сынақ мерзімі еңбек шартында көрсетілген жұмыс басталған күннен басталады.
Еңбек кодексінің 33-бабына сәйкес, еңбек шарты жазбаша түрде кемінде 2 дана болып жасалады, олардың бірі қызметкерде сақталады. Қызметкер еңбек функциясын орындауға еңбек шарты жасалғаннан кейін ғана жіберілуі тиіс. Олай болмаған жағдайда жұмыс берушіге айыппұл салынады (ӘҚБтК 86-бабы).
Еңбек кодексінің 56-бабына сәйкес, қызметкер өз еркімен жұмыстан шығуға құқылы, бірақ ол туралы жұмыс берушіні кемінде бір ай бұрын хабарлауы тиіс. Еңбек шартында екі тарапты да қанағаттандыратын болса, одан да ұзақ мерзім белгіленуі мүмкін.
Еңбек шартын белгіленген мерзімінен бұрын жұмыс берушінің жазбаша келісімімен бұзуға болады. Егер жұмыс беруші еңбек шартының шарттарын орындамаса (мысалы, жағдай жасамаған, жалақыны кешіктірген немесе мүлде төлемеген болса), қызметкер жұмыс берушіге шарт талаптарының орындалмағаны туралы жазбаша хабарлама жібере алады. Егер жұмыс беруші 7 жұмыс күні ішінде бұзушылықтарды жоймаса, қызметкер жұмыс берушіні жұмыстан шығатыны туралы хабарлап, заңды негізде тек 3 жұмыс күні ғана істеп, жұмыстан шыға алады.
Сынақ мерзімінде болған қызметкер ҚР Еңбек кодексін сақтау міндетінен босатылмайды. Еңбек заңнамасының нормаларын жұмыс берушілер мен қызметкерлер де сақтауға міндетті. Сондықтан жұмыс берушіні ауызша ескертіп, жұмысқа шықпай қоюға немесе толыққанды жұмыс істемей-ақ жұмыстан шығуға болмайды, тіпті сынақ мерзімінде болса да. Бұл жағдайда жұмыс беруші қызметкерді жұмыстан «қызметке себепсіз келмегені үшін» (прогул) босата алады.
Сондықтан, қызметкер жұмыстан шығатынын жұмыс берушіге жазбаша түрде хабарлап, хабарлағаннан кейін белгіленген мерзімде жұмыс істеп беруі тиіс.